АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтыну кредиттерінің ең жоғарғы сомасына шектеу енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, тұтыну несиесі сегментінде соңғы үш жылда өсім байқалып отыр. Ұлттық банк ұсынған ақпаратқа сәйкес, биылғы сегіз айда тұтыну кредиттерінің портфелі 9,2 трлн теңгеден асады.
"Бүгінде ірі сомадағы тұтыну несиесін де белсенді беретін болды. Тұтыну несиесінің өсуіне халық тарапынан сұраныстың артуы да себеп болып отыр. Азаматтар тауарлар мен қызметтерді "бөліп төлеуге" алады, тұтыну кредиттерін кәсіпкерлік мақсатқа пайдаланады. Кепілсіз тұтыну несиелері бойынша қарыздың орташа мөлшері жыл басындағы 913 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін өсті", - дейді Әбілқасымова парламенттік тыңдауда.
5 млн теңгеден асатын кепілсіз тұтыну кредиттерінің үлесі 12%-ті құрайды.
"Осыған байланысты тұтыну несиесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін агенттік қосымша шара ретінде тұтыну кредитінің максималды сомасына заңнамалық деңгейде шектеу енгізуді ұсынады", - деді Әбілқасымова.
Сондай-ақ айтуынша 21 жасқа толмаған азаматтарға ресми табысы болған жағдайда ғана кредит беріледі.