Қоғам

Қазақстанда құмар ойыншылардың саны 1 миллионға жетті – депутат

Мәжілісменнің ақпаратынша, 700 мыңнан астам оқушы бір рет болсын бәс тіккен
Sputnik
АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Қазақстанда құмар ойыншылардың саны бір миллион адамға жетті. Бұл туралы мәжіліс депутаты Руслан Берденов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның ақпаратынша, мектеп жасындағы 3,5 млн баланың 700 мыңнан астамы бір рет болсын бәс тіккен. Яғни олар лудоманиямен таныс, құмар ойындарды қалай ойнау керектігін біледі. Бұл алаңдатарлық жағдай, дейді депутат.
"Бұл Қазақстанда 1 миллионнан астам құмар ойыншы санының одан әрі өсетінін көрсетеді. Біраз жерде елімізде 350 мың лудоман бар деп айтылып жүр, бұл көрсеткіш – ескі. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, бұл көрсеткіш 1 миллионға жетті", - дейді Берденов парламенттік тыңдауда.
Депутат келтірген бейресми ақпарат бойынша банктердің транзакцияларының қырық пайызын бәс тігу құрайды.
"Өкінішке қарай, біз қаншама жерден сұратсақ та, банктерден дерек ала алмадық. Бірақ екі банкке өзіміз барып, сөйлестік. Банктердің транзакцияларының 35-40 пайызы осы бәс тігу болып саналады. Бұл бейресми, банкте жұмыс істейтін қызметкерлерден алынған ақпарат. Екі банктен алдық, екеуінің де көрсеткіші – бәс тігу", - дейді мәжілісмен.
Берденов 2017 жылдан бастап букмекерлік бизнес айналымы 15,5 млрд теңгеден 2022 жылы 554 млрд теңгеге дейін өскенін атап өтті. Ал биыл 1 трлн теңгеге жетпекші.
"Бірақ салық төлемінің мөлшері өзгермей, сол 2017 жылғы деңгейде тұрып қалған. Жауапты министрлік құмар ойындарының онлайн жүйесін жапсақ, бюджетке түсетін салық азайып қалады деген негіздеме айтады. Ал негізгі мақсат салық болса, неге 2017 жылдан бері салық мөлшерін көтеру мәселесі айтылмаған?", - деп сауал тастады депутат.
TikTok-та құмар ойындар көбейді – агенттік ескерту жасады