Астанада баспана кезегінде тұрғандар үй алды – видео

Баспана кезегінде тұрғандар "Отбасы банкі" 2 және 5 проценттік ипотека да ала алады
Sputnik
АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Астанада баспана кезегінде тұрған азаматтар Республика күні қарсаңында жалдамалы пәтер алды. Оны жеке меншікке аударуға болмайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Адамдарды алдымен кезекке тұрған күні бойынша іріктеген. Одан кейін жалдамалы пәтерлерді үлестіріп берді. Мәселен, астаналық Айнұр Санкибаева баспанасын 15 жыл бойы күтіпті.
"Баспанамызды 15 жыл күттік. Бүгін 80 шаршы метрге жуық үш бөлмелі пәтер алып отырмыз. Үйіміз өте кең, жарық, жайлы. Осындай көмек көрсеткені үшін алғысым шексіз. Қазақстандықтарды келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын! Баспаналы болуды армандап жүргендерге үйлі болуды тілеймін! Елімізге мәңгі бейбітшілік пен тыныштық тілеймін!" - дейді ол.
Көпбалалы ана Вероника Горелова да төрт баласымен бірге баспаналы болды.
"Мен толық емес отбасы ретінде пәтер алдым. Төрт балам бар, әрине, қатты қуанып отырмыз, үйлі болатынымызды естігенде бастапқыда есеңгіреп, өзіме өзім сенбей қалдым. Әр жерден пәтер, тіпті жағдайымыздың қиындығынан саяжай жалдап жүрдік. Өз пәтерімізді алғанша біраз қиындық көрдік. Пәтеріміз өте жақсы, кең. Бақыттымыз. Балаларым да қуанып жүр, бөлмелерін өзара бөліп алыпты", - деп атап көрсетті Горелова.
Айта кетері, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұру мерзімін әрбір бес жыл сайын ұзартуға болады. Алдағы уақытта жалдамалы үй алған азаматтарға баспананы баланстық бағаға сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Баспана кезегінде тұрғандар "Отбасы банкі" 2 және 5 проценттік ипотека да ала алады. Бұдан бөлек, 1,5 миллион теңге мөлшерінде бастапқы жарнаны төлеу үшін өтеусіз тұрғын үй сертификаты да қолжетімді.
Жалдамалы үйлер қандай бағамен сатылады – министр жаңа жүйені түсіндірді