АҚШ ядролық полигонда сынақ өткізді

Ресейдің Мемлекеттік думасы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты ратификациялауды кері қайтарған күні АҚШ ядролық полигонда сынақтар өткізді
Sputnik
АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. АҚШ бұрын ядролық қарудың сынақтары өткізілген Невада полигонында жерасты сынақ өткізді. Бұл Ресей Мемлекеттік думасы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты (ЯСЖТШ) ратификациялаудан кері қайтару туралы заң қабылдаған күні болды. Бұл туралы америкалық энергетика министрлігі жариялаған хабарламада жазылған.
"Невада ұлттық қауіпсіздік нысанының (Невада сынақ полигонының) командасы АҚШ-тың бүкіл әлем бойынша қуаты төмен ядролық жарылыстарды анықтау қабілетін жақсарту үшін нысанда жерасты химиялық жарылыс жүргізді", - деп жазылған ведомство жариялаған хабарламада.
Сынақтар сәрсенбіде, яғни Ресей Мемлекеттік думасы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты (ЯСЖТШ) ратификациялаудан кері қайтару туралы заң қабылдаған күні болды. Федерация кеңесі құжатты 25 қазанда қарайтыны белгілі болды.
Эксперимент жаһандық ядролық қауіп-қатерді азайту үшін "АҚШ-тың ядролық қаруды таратпау жөніндегі мақсаты үшін" жүргізілгені хабарланды.
ЯСЖТШ-ға 1996 жылы қол қойылған. Алайда бірқатар ел, соның ішінде АҚШ құжатты әлі ратификациялаған жоқ. Ресей аталған шартты 2000 жылы ратификациялады. Ядролық қаруы бар елдер мұндай сынақтарды өткізбеу туралы ерікті міндеттемелер алды.
Наурызда Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков АҚШ-тың әрекеттеріне байланысты ЯСЖТШ төңірегіндегі жағдай алаңдаушылық туғызып отырғанын айтты.