АСТАНА, 17 қазан - Sputnik. Түркістан облысында кәсіпкерлерге субсидия алуға көмектесемін деп 5 млн теңге алып, хабар-ошарсыз кеткен алаяқ әйел ұсталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Департаменттің мәліметінше, Жетісай аудандық полиция бөліміне үш кәсіпкер хабарласқан. Олар танысы бизнесті дамытуға мемлекеттен тегін субсидия алуға көмектесуге уәде беріп, ақшаны алып тайып тұрғанын айтып шағымданған.
"Ол әрбір жәбірленушіден қомақты ақша алған, бірақ уәдесін орындамай, хабар-ошарсыз кеткен", – деді полиция департаментінен.
Келтірілген шығынның жалпы сомасы 5 миллион теңгеден асқан. Полиция ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті табылып, қамауға алынды.
Белгілі болғандай, әйелдің субсидия алу ойында да болмаған, ал кәсіпкерлерден алған ақшасын несиесін өтеуге жұмсаған. Күдікті қамауға алынып, іс сотқа жіберілді.