АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған отбасыларға жаңа баспана алуға қаржылай көмек көрсетіледі. Оларға тұрғын үй құнының 50%-і мөлшерінде өтемақы көзделген ұтқырлық сертификаттары беріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасына сәйкес қоныс аудару механизмі қайта қаралғанын атап өтті.
"Еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударуды ынталандыру үшін жаңа жердегі тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде (жұмыс беруші растаған жұмыс орны болған кезде) қаржылық көмекке құқық беретін ұтқырлық сертификаттары енгізілді", - деді Жақыпова үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 7,5 мың адам солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударған немесе жылдық жоспардың 87%-і орындалды. Ұлытау облысын қоспағанда, басқа облыстарда көшу үрдісі жоғары деңгейде жүріп жатыр. Ішкі қоныс аударушылардың көпшілігі – Түркістан және Алматы облыстарының бұрынғы тұрғындары.
"Көшіп келген еңбекке қабілетті азаматтардың 73%-і жұмыспен қамту шараларымен қамтылды, 5,2 мың адамға көшу шығыстарын өтеу үшін біржолғы материалдық көмек берілді. 622 отбасы экономикалық ұтқырлық сертификатын алды, 395 отбасы солтүстік өңірлерде баспаналы болды", - деді министр.
Жақыпова қолға алынып отырған шаралар ішкі көші-қон саясатын тиімді "қайта жүктеуге" мүмкіндік береді деп санайды.