АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесіның отырысында Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға қарсы екенін мәлімдеді.
"Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет", – деді Тоқаев.
Қазақстан халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқығын ескере отырып, оны демократияландыруды жақтайды. Президенттің ойынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар.
"Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны қуантады", – деп атап көрсетті Тоқаев.