АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанның ірі қалаларының жартысынан көбі 5G-ге қосылатын болады, деп мәлімдеді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
"Жоспар бойынша бізде биыл 700 базалық станция орнатылып жатыр, операторлар бұл көрсеткіштерді басып озып, жыл соңына дейін мыңнан астам базалық станция орнатады", - деп бөлісті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Инвестиция көлемі мен жұмыс жылдамдығын ескере отырып, министр бұл жұмысты орындайтынына сенімді.
"Біздің ұялы байланыс операторларымыз 2025 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар қалалардың 75%-ін және облыс орталықтарының 60%-тен астамын қамтып, тапсырманы орындайтынына толық сенемін. Яғни, әрбір облыс орталығында 2025 жылдың соңына дейін аумақтардың 60%-тен астамы 5G технологиясымен қамтылатын болады", - деді Мусин Digital Bridge форумының алаңында өткен брифингте.
Сонымен қатар ол басқа технологиялардың да дамитынын айтты.
"Біз сондай-ақ 4G инфрақұрылымын нығайту үшін базалық станцияларға ауқымды жаңарт жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы жылдың соңына дейін ұялы байланыс операторлары арасында радиожиіліктер бойынша конкурс жарияланады", - деп қосты ол.
Бұған дейін Мусин Қазақстанның шалғай өңірлеріндегі мектептерді Starlink спутниктерінің көмегімен жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықтау жоспарымен бөлісті