АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке 5G желісін енгізу жұмысын мерзімінен бұрын аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент Қазақстанда 5G желісін енгізу процесі басталып кеткенін атап өтті.
"Бұған дейін барлық облыс орталығын жаңа буындағы ұялы байланыспен 2027 жылға дейін қамту міндеті қойылған болатын. Алайда технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында бізге тездету керек. Шындап тездету керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын 2025 жылдың соңына дейін аяқтауға тиіс", - деп мәлімдеді Тоқаев Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында.
Мемлекет басшысы жұмыстың жеделдеуі көрсетілетін қызметтің сапасына кері әсерін тигізбеуі керек екенін айтты.
Сондай-ақ президент ең шалғай елді мекендерді интернетке қосуды тапсырды. Айтуынша, осы мақсатқа қол жеткізу үшін төмен орбиталды спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалану керек.
Тоқаев заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу үшін үкіметке осы мәселені жан-жақты пысықтау туралы тапсырма берді.