АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Украина бас прокурорының кеңсесі Қазақстан бас прокуратурасының "LIDER" қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен іздеуде жүрген азаматты ұстап беру туралы өтінішін қанағаттандырды.
"Lider" басшысы 2017-2019 жылдар аралығында бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жалған жобаларға азаматтардың ақшасын тартудың заңсыз схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық әрекеттердің салдарынан зардап шеккен 240-тан аса азаматқа 1,2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, артынша оған халықаралық іздеу жарияланды.
"2023 жылы тамыз айында күдіктіні Украинаның құқық қорғау органдары ұстады. Бүгін бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің қызметкерлері сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады", - деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ол Астананың тергеу изоляторына қамалды.
Қаржы пирамидасының жетекшісі 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.