АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Байқоңырда қазақстандық соттың шешімімен жергілікті тұрғын полицейді ұрғаны үшін екі жылға сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тергеу материалдарына сәйкес, 45 жастағы ер адам ұсақ бұзақылық үшін ұсталған. Сол кезде Байқоңыр қаласындағы әскери гарнизондық сот оны әкімшілік қамауға алуға шешім шығарды. Бірақ ол судьяның үкімімен келіспеген.
"Сотталушы өзін алып жүрген полицейге қарсылық көрсетті. Ішкі істер органдарынан өшін аламын деп, тәртіп сақшысын бетінен ұрған", - дейді "Байқоңыр" кешенінің прокурорлары.
Жауапқа тартылған ер адам Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан, оған қатысты қылмыстық іс Байқоңырдағы қазақстандық прокурорларға жіберілді. Соттың шешімімен полицейді ұрған ер адам Қылмыстық кодекстің 380-бабы, 3-тармағы (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері, өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану) бойынша жауапқа тартылды. Бұзақы екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетері, осы бап бойынша бірнеше жаза қарастырылған. Атап айтқанда, 4 000 АЕК-ке (13 800 000 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын немесе 1 000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, я болмаса, екі жылдан төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.