АЛМАТЫ, 9 қазан – Sputnik. Көкшетауда 120-дан астам чех және қазақстандық бизнес өкілдері бірлескен форумға қатысты, деп хабарлады Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Халықаралық кездесу елдер арасындағы экономикалық, сауда және дипломатиялық қатынастарды нығайтуға бағытталған.
Ұйымдастырушылары – Ақмола облысының әкімдігі, "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы" АҚ және Чехияның Астанадағы елшілігі.
Тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік кооперация, туризм салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылап, экономикалық және сауда байланыстарын дамытуға мүдделілік білдірді.
Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Ақмола облысына ресми сапармен Чехия ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный және Чехияның ҚР-дағы төтенше және өкілетті елшісі Павол Шепеляк қатысты.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша инвестициялар, ауыл шаруашылығы, ветеринария, тамақ өнеркәсібі, сақтандыру және сауда бағыттары негізінде b2b форматында кездесулер өтті.
Айта кетері, Ақмола облысы мен Чехия арасындағы сыртқы сауда айналымы 2023 жылғы қаңтар-тамызда 17 млн АҚШ доллары болды.