АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. "Мызғымас бауырластық-2023" ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскери жаттығуларының белсенді кезеңіне 1,5 мыңға жуық адам қатысып жатыр, деп хабарлайды Қырғызстанның қорғаныс министрлігі.
"Оқу-жаттығуға барлығы 1500-ге жуық әскери қызметші, 200-ден астам арнайы, броньды және автомобиль техникасы, әскери көлік, жойғыш және әскери ұшақтар, ұшқышсыз ұшырылатын ұшақтар мен жауынгерлік катер тартылды", - делінген ведомство хабарламасында.
Қырғызстанға Ресей, Қазақстан, Беларусь және Тәжікстанның әскери контингенттері барды. Сондай-ақ бірлескен оқу-жаттығуларға ҰҚШҰ-ның бірлескен штабы мен хатшылығының жедел топтары қатысады.
Бұған дейін хабарланғандай, 9-13 қазан аралығында Қырғызстан қорғаныс министрлігіне қарасты 20636 әскери бөлімінің "Эдельвейс" оқу-жаттығу орталығында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бітімгершілік күштерімен "Мызғымас бауырластық-2023" бірлескен оқу-жаттығуы өтеді.
ҰҚШҰ елдерінің әскерилері іс жүзінде төтенше жағдайлар және ішкі істер министрлігінің бөлімшелерімен бақылау-өткізу пункттерінде және зардап шеккендерді қабылдау пункттерінде, колонналар мен жүктерді алып жүру кезінде, елді мекендерді азат ету, "кепілге алынғандарды" құтқару және гуманитарлық көмек көрсету кезінде жауынгерлік даярлық міндеттерді бірлесіп орындайды, деп атап өтті ведомство.