АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха өгей әкесі бар отбасылар жаппай тексеріледі деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Баланы өгей әкесі тәрбиелеп жатыр деген фактінің өзі ешқандай заңбұзушылыққа жатпайды және тексеріс жасауға себеп емес", - деп мәлімдеді Лепеха сенат кулуарында.
Ол кәмелетке толмаған баланың қандай да бір құқықтары бұзылса, зорлық-зомбылық жасалса немесе қылмыстық және әкімшілік заңнаманы бұзса тексеріс жүргізілетінін атап өтті.
"Біз баланы өгей әкесі тәрбиелеп жатыр екен деп тексере бермейміз. Мен мұны мүлде дұрыс емес деп санаймын", - деді министр орынбасары.