Педагогика саласын оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығымен жұмыс істемейді – президент

Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді
Sputnik
АСТАНА, 5 қазан — Sputnik. Президент қазір мектептерімізде мамандар тапшы екенін айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталып өтті.

"Ұстаздардың біліктілігін арттыруымыз керек. Білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды", - деп атап өтті президент республикалық педагогтер съезіндегі баяндамасында.

Мемлекет басшысы мұғалімдер тапшылығы жылдан-жылға өзекті болып келе жатқанын айтты.
"Қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар", - деді президент.
Тоқаев мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді деп санайды.
"Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет",- деді мемлекет басшысы.
Төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті – Тоқаев