АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Қазақстанда жыл соңына дейін арнайы Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылады. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша жоғары локализация үлесі және заманауи технологиялардың трансферті қамтамасыз етіледі.
"Отандық кәсіпорындарды қолдау үшін жыл соңына дейін арнайы Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылатын болады", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Сондай-ақ, президенттің тапсырмасымен машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалып жатыр. Оны іске асыру осы саладағы өндірісті 2 еседен астам, экспорт көлемін 3 есеге, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, биыл Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұмыстары аяқталады. Онда тоқыма өндірісін құру кезінде инвестициялық шығынды өтеу, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдау шаралары көзделеді.