АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Қазақстанда бір жылда 4,4 млн жеңіл көлік тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 15,2%-ке артты, деп хабарлады Energyprom.
Елдегі көліктердің басым бөлігі – 3,9 млн көлік бензинмен жүреді. Сондай-ақ дизель отынымен — 83,2 мың автокөлік, газ баллонды отынмен — 5,4 мың, электр энергиясымен — 4,7 мың, аралас отынмен (бензин, газ баллонды отын және электр қозғалтқышты) — 366,4 мың автокөлік тіркелген. 90,8 мың көлікті тіркеу кезінде жанармайдың түрі көрсетілмеген.
Ең бастысы, тіркелген электр көліктерінің саны 10,4 есе, бензинмен жүретін көліктер саны 14,9%, дизельді көліктер 12,2%, газбен жүретін көліктер 38,2%, аралас көліктер саны 19,3% көбейген.
Дегенмен Қазақстандағы электркөліктердің үлесі жалпы көлік санының 0,11%-ын ғана құраған. Алайда былтыр бұл көрсеткіш тіпті 0,01% ғана болған.
Өңірлер бойынша ең көп электрокөлік Алматыда тіркелген: 2,8 мың, бір жыл бұрын 40 электрокөлік қана болған. Жылдық өсім 68,8 есе. Алматыда мұндай көліктердің үлесі бір жыл бұрын 8,9% болса, қазір 59%.
Екінші және үшінші орында Астана (бір жыл бұрын 12 электрокөлік, қазір 550) және Алматы облысы (бір жыл бұрын 1 ғана электрокөлік болса, қазір 208).
Электр қозғалтқышы бар көліктер ең аз өңір Абай (8), Солтүстік Қазақстан (14) және Жетісу (21) облыстары.