Алматыдағы 7 жасар баланы зорлау ісі: әзірге күдікті жоқ

Бұл іс бойынша тиісті сараптамалар жасалады
Sputnik
АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Алматыдағы жекеменшік мектепте жеті жасар баланы зорлау фактісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, бұл факті сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелген. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Зорлау ісі бойынша әзірге күдіктілер жоқ.
"Әзірге күдіктілер бойынша ақпарат жоқ. Қажетті сараптамалар жасалады. Тергеу нәтижесін күтейік", - деді Қожаев үкіметте өткен брифингте.
Еске сала кетейік, жаға ұстатарлық оқиға Алматыдағы халықаралық мектепте болған. Оқушының анасы әлеуметтік желіде видео жариялап, оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бірінші сыныпқа барған ұлы үйге жыртық шалбармен келген.
Анасы оны тігуге алғанда шалбардың артқы жағы жыртылғанын байқаған. Одан әрі іш киімін тексерген, онысы теріс киілген. Шалбар мен іш киімнен ақ дақтың іздерін көрген. Әрі қарай баланың тоқ ішегі мен жамбасында жараның ізі барын байқаған.
Әйел полицияға арызданды. Қылмыстық кодекстің 121-бабы 3-бөлігі (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша тергеу шаралары басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Алматыда 7 жасар баланы зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды