АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Қазақстанда жеке инвестициялар тарту арқылы 20 заманауи көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды.
Премьер-министр соңғы жылдары Қазақстанда денсаулық сақтау саласында ауқымды реформа жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі құрылды, міндетті медициналық сақтандыру енгізілді, телемедицина дамып келеді, құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек сатып алу процесі жақсарды, дәрігерлердің жалақысы едәуір артты.
"Жалпы, үкімет 2027 жылға қарай медицина саласын қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізе отырып, аталған саланы дамытудың тұрақты моделін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған орай біз инвестициялар мен озық технологиялар тартуға мүдделіміз", — деді Смайылов.
Ол үкімет қабылдап жатқан шаралар саланың инвестициялық тартымдылығына оң әсерін тигізетінін айтты. Мәселен, өткен жылдың қорытындысына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі шамамен 540 млн долларды құрап, 30%-ға өсті. Сонымен қатар соңғы 7 жылда фармацевтика нарығының көлемі 2,9 есеге артты.
Оның айтуынша, медицина инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылданып келеді. Мәселен, президент тапсырмасымен жеке инвестициялар тарту арқылы 20 заманауи көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны пайдалануға беріліп, 32 көпбейінді аудандық аурухана жаңғыртылады.