АЛМАТЫ, 2 қазан – Sputnik. Қазақстанда отбасының цифрлық картасы арқылы 249 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде биыл 1 қаңтардан бастап 651 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш бермей-ақ 249 мыңнан астам адам жәрдемақы немесе төлем алды.
"Сонымен қатар, 64,6 мыңнан астам жұмыссыз азамат жұмыс іздеу туралы, тегін оқудан өту және жұмыспен қамту саласындағы басқа да мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алды. Отбасының цифрлық картасында Қазақстанның 19,8 миллионнан астам азаматы немесе 6 миллионнан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған", - дейді ведомство.
Картаны енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта цифрлық карта жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді.