АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов балаға жоғары оқу орнында білім алуға қажетті ақшаны жинауға мүмкіндік беретін "Келешек" жүйесін келесі жылы енгізуді тапсырды.
Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен жолдауын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі шаралар қаралды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов "Келешек" жүйесін келесі жылы енгізу қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты ұсынылып отырған шараларды кеңінен талқылап, жүйенің әрекет ету тетігін жан-жақты пысықтау талап етіледі.
"Бұл тек министрлік үшін ғана емес, сондай-ақ халық пен барлық қатысушы үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек", — деді үкімет басшысы.
"Келешек" жүйесі қалай жұмыс істейді
Жүйе аясында балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады.
Осылайша айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам ақша жиналады. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады, деп атап өтті үкіметтің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың қосымша шаралары көзделеді, әсіресе өзгерістер жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты болады. Сондай-ақ ақшаның құнсыздануынан қорғау құралдары қарастырылған.
Оған қоса "Ұлттық қор – балаларға" бастамасы аясында да қаражат жинақталады. Бұл кейіннен қаражатты бір жерге шоғырландыруға, таңдаған ЖОО-ға оқу ақысын төлеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік гранттарды тағайындау тоқтатыла ма
Оқушылар ҰБТ қорытындысы бойынша үміткер бола алатын мемлекеттік білім беру гранттарын бекіту жүйесі сақталады.
"Келешек" жүйесі азаматтарды қолдаудың қосымша тетігі болмақ. Бұл ретте талапкер грантқа түскен жағдайда, шотында жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады", - делінген хабарламада.
Жүйені құру аясында барлық жинақтау процесін цифрландыру, толығымен ашықтықты қамтамасыз ету және тиісті модульді екінші деңгейлі банктердің қосымшаларына интеграциялау көзделіп отыр.
"Келешек" не үшін қажет
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бала туу көрсеткішінің көбеюіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеме едәуір артады. Бүгінгі таңда мемлекеттік білім тапсырысы мектеп түлектерінің 40%-тен астамын грантпен қамтуға мүмкіндік береді. Алайда қолданыстағы тәсілдер сақталса, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15%-ке дейін қысқарады.
Осыған байланысты азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде қолданыстағы қолдау шараларын біріктіретін "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов "Келешек" ерікті жинақтау жүйесін енгізу мәселесі қазақстандық отбасылардың барлығына қатысты екенін айтты.
"Онда мемлекеттен берілетін бастапқы капитал, ата-аналардың ерікті салымдары, инвестициялық кіріс және мемлекеттік сыйақы қарастырылған. Осылайша, жеңілдетілген білім беру несиелерінің интеграциясын ескере отырып, “Келешек” бірыңғай ортақ жинақтау жүйесінде мемлекеттік қолдау шаралары шоғырландырылады. Оқуға түскенше жиналған қаражат жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етуге мүмкіндік береді", — деді ол.
Премьердің айтуынша, елдің әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігі халықтың білім деңгейіне тікелей байланысты. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, экономика өсімінің 16%-ы физикалық капиталға, 20%-ы табиғи капиталға, қалған 64%-ы адами және әлеуметтік капиталға байланысты.
Үкіметтің болжамынша, 2019 жылдан 2022 жылға дейін туу көрсеткішінің өсуін ескерсек, 2040 жылға қарай 18 жастағы қазақстандықтар саны айтарлықтай өседі. Бұл ретте гранттар санын арттыру олардың көбін жоғары біліммен қамтуға мүмкіндік бермейді.
"Келешек" осы мәселелерді шешуге көмектесуі керек. Білім берудің қолжетімділігі мен сапасы ресурстарды шоғырландыру және мемлекет, бизнес, оқу орындары мен азаматтар арасында жауапкершілікті бөлу есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл бірінші мамандықты алғанға дейін балаларды толық қолдауға мүмкіндік береді", — деді Смайылов.