АЛМАТЫ, 2 қазан - Sputnik. Ақтөбе облысында заңсыз жауапқа тартылған кәсіпкерлердің құқы қорғалды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Заңсыз жауапқа тартылған кәсіпкерлердің саны 200-ден асады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама нормаларының талаптарын сақтамау фактілерін облыстық прокуратура анықтады.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 62-бабы 1-бөлігіне сәйкес міндетті медициналық сақтандыруды уақтылы төлеу туралы талаптарды бұзғаны үшін адамдар 2 ай ішінде жауапқа тартылу керек болған. Алайда, облыстың салық органдары бұл талапты қате қолданып, 200-ден астам кәсіпкерді әкімшілік жауапқа тартқан", - дейді ведомство.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша салық органдарының 200-ден астам заңсыз әкімшілік қаулыларының күші жойылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды. Ал кінәлі мамандар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.