АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда барлығы 149,8 мың трактор, 38 мың комбайн, 4,9 мың тұқым себу кешені және 76,3 мың сепкіш техника, сондай-ақ 219 мың данаға жуық әртүрлі топырақ өңдейтін құрал-сайман бар. Бірақ бүкіл парктің орташа тозуы 76%-ға жетті, деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Мәжілісте өткен жиында. Бұл туралы парламенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Вице-министр белгіленген ең төменгі технологиялық жаңарту 6-8% болғанда, қазіргі көрсеткіш небәрі 4,5%-ды құрайтынын айтты.
Мәжілісмен Жигули Дайрабаев осыған қатысты мәлімдеме жасап, ескірген құрал-жабдықтарды пайдалану жанар-жағармай құнына жұмсалатын шығынның 20%-ға өсіп, өндіріс көлемінің 14%-ға төмендеуіне әкеліп соғатынын айтты. Бұл ретте Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасының жай-күйі өзекті тақырып болғандықтан, оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Жолдауында ерекше мән беріп, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту көрсеткішін жылына 8-10 пайызға жеткізуді тапсырды.
"Үкімет басшылығы технопаркті жаңартпай еңбек өнімділігі мен фермерлердің кірісін арттыру мүмкін емес екенін жақсы түсінеді. Алайда, қазіргі жеңілдетілген лизинг құралдарын қаржыландыру көлемін айтарлықтай арттыру үшін мемлекет қандай кедергілерге тап болып отырғаны белгісіз", - деп баспасөз қызметі Дайрабаевтың сөзін келтірді.
Парламентарий 19 қыркүйекте премьер-министр шаруаларға жеңілдетілген лизинг беруге 20 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдағанын, бірақ бұл қаржы әлі де жеткіліксіз екенін еске салды.
Бұған дейін Қазақстанда жоспарланған алқаптың 59,9%-ынан атық жиналғаны хабарланған болатын.