Германия Қазақстанмен табиғатты қорғау тәжірибесін бөліседі

Қазақстанның экология министрлігі мен Германияның қоршаған ортаны қорғау саласындағы ең ірі үкіметтік емес ұйымы арасында меморандумға қол қойылды
Sputnik
АСТАНА, 28 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігі мен "Германияның табиғатты қорғау одағы" (NABU) жабайы жануарлардың қауіп төнген мекендеу ортасын қорғау, сондай-ақ табиғи ресурстарды үнемді пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Қазақстан тарапынан құжатқа министр Ерлан Нысанбаев, ал неміс тарапынан NABU ұйымының Орталық Азия және Шығыс Еуропадағы командасының басшысы Томас Тенхардт қол қойды.
Хабарламада аталған меморандумға қол қою Қазақстанға табиғатты қорғау, климатты қорғау және соған байланысты іс-шаралар бойынша жобаларды жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні аталып өткен.
"Германияның табиғатты қорғау одағы" – бұл Германияның табиғатты және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ең көне және ең ірі үкіметтік емес ұйымы (900 мыңнан астам мүшесі бар). Өзендер, теңіздер, ормандар және басқа да экожүйелерді сақтау, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктердің жекелеген топтары мен түрлерін қорғауды қоса алғанда, елде және одан тыс жерлерде табиғатты қорғау бойынша әртүрлі іс-шараларды жүзеге асырады. 1899 жылы негізі қаланған, штаб-пәтері Берлинде орналасқан.