АЛМАТЫ, 27 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Сердар Бердімұхамедовті және Түрікменстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
"Қазақстандықтар Түрікменстанның зор жетістіктеріне шын ниетпен тілеулес және екі ел арасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, тату көршілік қатынастар мен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді", – деп жазылған жеделхатта.
Мемлекет басшысы өзара бірлескен күш-жігердің нәтижесінде қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігінің қарқыны арта түсетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас Түрікменстан халқына бақ-береке тіледі.
Айта кетері, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 5 қазанында орнатылды. Былтыр қазанда Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов алғаш рет Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Екі ел басшылары Қазақстан бидайын Түрікменстан нарығына экспорттау перспективкасын талқылады. Сондай-ақ түрікмен-ауған шекарасында астық терминалын салу жоспарына жеке тоқталды. Осы мақсатта бірлескен жұмыс тобы құрылды.