Алматыда бірнеше шенді бас бостандығынан айырылды

Олар енді өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды
Sputnik
АЛМАТЫ, 26 қыркүйек – Sputnik. Алматыда ұлттық қауіпсіздік комитеті депатраменті басшысының орынбасары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары және мемлекеттік активтер басқармасының басшысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Істі Медеу ауданының №2 аудандық соты қарады. Айыпталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-тармағы 2-бөлігі, 28-бабы 5-190 4-бөлігі "Алаяқтық және алаяқтыққа жәрдемдесу" бойынша сотталды.
Соттың мәліметінше, ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының орынбасары М. есімді азамат алдау арқылы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ө. есімді азамат және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қ. есімді азамат сот үкімі бойынша тәркіленген 5 мүлік нысанын көрінеу төмен бағамен иемденген.
Алайда сотталушылар тағылған айыпты мойындамады. Ал келтірілген шығын толық өтелген.
Сотталушылардың кінәсі дәлелдемелермен, куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, аудиторлық қорытындымен дәлелденген, дейді соттың баспасөз қызметі.

"Сот үкімімен ұлттық қауіпсіздік комитеті депатраменті басшысының орынбасары өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлағаны немесе бөтеннің мүлкіне құқықты иеленгені үшін 8 жылға, ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды", - делінген қалалық сот хабарламасында.

Олар енді өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.
Сирияда террористік ұйымның құрамында болған Ұлытау тұрғыны сотталды