55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлемдер қандай шартпен беріледі – министр жауап берді

Зейнетақы жарналарының мерзімі 7 жылдан кем болмауы керек
Sputnik
АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова арнайы әлеуметтік төлемдерді алудың негізгі шартын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент биылғы жолдауында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін және 55 жасқа толған адамдарға арнайы төлемдерді тағайындау тәртібін енгізуді тапсырды. Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін тиісті заңдарға өзгеріс енгізіледі. Ал 25 қазанға дейін қаржыландыру көздері айқындалады. 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетке де түзету енгізіледі.
"Төлем алатын адам 55 жасқа толуы керек. Бұдан бөлек, жұмыс берушінің тарапынан бірыңғай зейнетақы қорына 7 жыл бойы жарналарын аударып отыруы тиіс. Негізгі екі шарт – осы", - деді Жақыпова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Министр осы талапты енгізудің себебін түсіндірді. Оның айтуынша, еңбек кітапшасында "зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеді" деп жаза салуға болады. Ал нақты дәлел жоқ.
"Сосын кез келген мөрді қойып береді. Сіз барасыз да мен 55-ке келдім, міне, шахтада істедім, маған ақша төлеңіз деп айта аласыз. Біз ондайға жол бермеу үшін ешқандай қағаз берудің қажеті деп отырмыз. Ақпараттық жүйелерден өзіміз қарап, зейнетақы жарналарын қарап, еңбек өтіліңізді санап береміз. Төлемді де тағайындаймыз. Тағы айтайын, зейнетақы жарналарының мерзімі 7 жылдан кем болмауы керек", - деп атап көрсетті министр.
Президенттің Қазақстан халқына жолдауы - 2023
Тоқаев 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем беруді тапсырды