21 жасқа дейінгі қазақстандықтарға энергетикалық сусынды сатуға тыйым салынуы мүмкін

Темекі тартуды азайту үшін биыл 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне акциз ставкасы көтерілді
Sputnik
АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу туралы норма талқыланып жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, темекі тартуды азайту үшін биыл 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне акциз ставкасы көтерілді, вейптер, олардың хош иістендіргіштері мен сұйықтықтарының айналымына толық тыйым салу бойынша мәжілісте заңға өзгерістер қарастырылды.
"21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу жөніндегі норманы талқылау рәсімі жүргізілуде", - деді Ғиният үкімет отырысында.
Ол елімізде ересек тұрғындардың 21%-і темекі тартатынын, балалардың 20%-і артық дене салмағынан, ал 6%-і семіздіктен зардап шегетінін атап өтті.
11-15 жастағы жасөспірімдердің 10 пайызы вейптерді тұрақты пайдаланады, 17,5%-і энергетикалық, тәтті сусындарды ішеді, ал 15 пайызында артық дене салмағы бар.
Министрдің айтуынша, саламатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 452 саламатты өмір салты кабинеті, 4608 денсаулық мектебі, темекіге қарсы кабинет және 157 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді.