АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. ЕАЭО бюджеті есебінен қаржыландырылатын өнеркәсіптік жобаларды іріктеу критерийлері қазан айында бекітіледі. Бұл туралы Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол өткен жылдың соңында одақ бюджеті есебінен өнеркәсіптік бастамаларды қаржыландырудың пилоттық тетігін құру туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
"Бұрын мұндай тетік болған жоқ. Ол мұқият пысықталып, барлық шарт келісілген соң жұмыс істей бастайды. Бірақ ең бастысы – кооперациялық жобаларда кемінде үш елдің кәсіпорындары қатысуы керек. Іріктеу критерийлерін қазан айында Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында бекіту жоспарланып отыр", - деді Мишустин Астанада басталған "Иннопром.Қазақстан" халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында өткен пленарлық сессияда.
Ресей премьері одақ аясында 26 трлн рубльден астам сомаға 25 салада 150-ден астам бірлескен жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр желтоқсанда Бішкекте ЕАЭО-ның өнеркәсіптік кооперация жобаларын қаржыландыруды қолдау тетігін іске қосу туралы шешім қабылданды. Ол Одақ елдерінің кәсіпорындарына маңызды стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға және бизнес бастамаларды тиімді ілгерілетуге, елдер арасында өзара инвестицияны, жұмыс орындарының санын ұлғайтуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.