Қазақстандық екі сүйреткіш кеме Парсы шығанағына шықты – ҚазМұнайГаз

Қазақстандық кемелер Біріккен Араб Әмірлігінің оффшорлық жобалары аясында Аль-Галлан және Дас аралдарында жұмыс істейтін болады
Sputnik
АСТАНА, 22 қыркүйек - Sputnik. Қазақстандық екі сүйреткіш кеме Парсы шығанағында жұмыс істеу үшін үш жылға жалға алынды, деп хабарлады "ҚазМұнайГаз".
"Қазақтеңізкөлікфлоты" Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі "Талас" және "Ембі" екі буксирі Парсы шығанағында жұмысқа кірісуге дайын", - делінген хабарламада.
Кемелерді жалға алу туралы келісімшарт "Қазмұнайгаз" бен Abu Dhabi Ports Group (БАӘ) арасында жасалды. Сүйреткіш кемелер үш жылға жалға берілді.
Қазақстандық экипаждары бар буксирлер Каспий теңізінен Ресейдің су жолдары, Түрік бұғаздары, Суэц каналы және Аден шығанағы арқылы 52 күн теңіз жолында жүрді. 5000-нан астам теңіз милін (шамамен 9500 шақырым) жүріп өтіп, Парсы шығанағына жетті, дейді компания.
"Буксирлер Әмірліктердегі Әбу-Даби аймағының (Аль-Галлан және Дас аралдары) оффшорлық жобаларына тартылатын болады", - деп толықтырды "Қазмұнайгаз".
Қазмұнайгаздың мәліметінше, жақын арада Парсы шығанағына "Ырғыз" деп аталатын үшінші буксирді жөнелту жоспарланып отыр.
"Кемелерді жалға беру – "Қазақтеңізкөлікфлоты" ұлттық кеме қатынасы компаниясына Парсы шығанағының теңіз сервистік қызметтері нарығына шығуға, кірісті арттыруға және жаңа тәжірибе алуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті "Қазмұнайгаз".