Қазақстанда екі жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

Қажет қаражатты әкімдіктер мен банк бірге бөледі
Sputnik
АСТАНА, 22 қыркүйек - Sputnik. Қазақстанның екі аймағында жастарға арналған ипотека іске қосылады.
Жастарға арналған ипотеканы Павлодар облысы ("Ертіс жастары") мен Ақсу қаласының тұрғындары рәсімдей алады. Жергілікті билік Отбасы банкпен келісім жасаған. Қажет қаражатты әкімдіктер мен банк бірге бөледі.

Қатысушыларға қойылатын талаптар

Қарыз алушының жасы 35-тен аспау керек.
Соңғы 5 жылда меншігінде жылжымайтын мүлік болмауға тиіс.
Ресми жұмыс өтілі өтініш берген сәтте 6–12 ай (аймаққа байланысты) болуы қажет.
Ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Жастар қызмет ететін салаға қатысты шектеулер бар.

Ипотека шарттары

Пайыздық мөлшерлеме — жылына 5 %-дан (ЖТСМ — 5.2 %-дан) басталады.
Бастапқы жарна — 10 %.
Қарызға берілетін ең көп сома — 10 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін, көлемі өңірге байланысты. Егер таңдалған үй одан қымбат тұрса, қалған ақшаны қатысушы өз қалтасынан төлейді.
Кредит мерзімі — 19 жылға дейін.
Өтінім қабылдайтын күн мен нақты талаптар туралы мәліметті жергілікті әкімдіктер қосымша хабарлайды.
Отбасы банктің баспасөз қызметі жастарға арналған бағдарлама Қазақстанның көп облысын қамтығанын атап өтті. Ол Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Жетісу, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Абай, Ұлытау облыстарында іске қосылған. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жалпы 98 млрд теңге жұмсалады.
Қоғам
Жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосыла ма – Ұлттық банк жауабы