АСТАНА, 22 қыркүйек – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында балабақшаларға кезекке тұруды автоматтандыру үдерісі қаралды.
Отырыста Мектепке дейінгі ұйымдар үшін есепке алудың бірыңғай базасын құру мәселесі талқыланды.
"Оны пилоттық режимде осы жылдың қазан айында іске қосу жоспарланып отыр, ал 2024 жылдың қаңтарынан бастап бүкіл республика бойынша қолданылады", - деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Смайылов балабақшаға кезекке қою және кезекті жылжыту үдерісін толық цифрландыру оның ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ отырыста жасанды интеллект технологияларын дамыту, мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіру, мемлекеттік аппараттың негізгі үдерістерін цифрландыру, бизнес субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру мәселелері қаралды. Бұл тексерулерді тағайындау кезінде адами факторды, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселені болдырмауға мүмкіндік береді.