Ақтөбе облысында жекеменшік мектепте оқитын мыңнан астам оқушыға оқулық жетіспейді

BILIM SMART мектебіне балаларын беретін кезде ата-аналар кітап жетіспейтінін білген
Sputnik
АЛМАТЫ, 23 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе облысында BILIM SMART мектебінде оқитын мыңнан астам балаға оқулық жетіспейді. Балалардың толыққанды білім алуына не кедергі болып тұрғанын Sputnik Қазақстан тілшісі сұрап білді.
Ақтөбе облысында мемлекеттік мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету үшін 1 млрд 9 млн теңге қаражат бөлініп, оқушылар 100% оқулықпен қамтылған.
Бүгінде облыста 1-11 сынып оқитын 183 мыңнан астам оқушы бар. Оның 175 мыңы мемлекеттік мектепте оқиды. Яғни, 175 мың оқушының барлығында оқулық бар. Ал жекеменшік BILIM SMART мектебінде оқитын мыңнан астам оқушы оқулықсыз білім алып жатыр.
"BILIM SMART жекеменшік мектебі инвесторлардың қолдауымен ашылған. Мердігерлер мектеп құрылысын жоспарланған уақыттан ерте бітіріп, жаңа оқу жылында бұл мектептерде сабақ басталып кетті. Бұл мектепті асықпай бітіріп, оқулықтарын алуға болушы еді. Аяқасты сабақ басталып кеткендіктен оқулықтары толықтырылмай қалды. BILIM SMART мектебінде кітап алуға мелекеттен қаражат қарастырылмаған", - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезов.
Ақтөбе облысындағы BILIM SMART жекеменшік мектебінде қазіргі таңда 3700-дей бала білім алып жатыр.
"3700 оқушының 2000-нан астамында оқулық бар. Олар мемлекеттік мектептерден жекеменшік мектепке ауысқанда кітаптарын алып барды. Қазіргі күні мемлекеттік мектептермен бір жылға актімен BILIM SMART мектебіне оқулықтар уақытша беріліп жатыр. Алайда мыңнан астам оқушыға оқулық жетіспей тұр. Жақын арада бір-екі аптада бұл мәселе шешіледі. Біз барынша көмектесіп жатырмыз", - дейді Әуезов.
Білім басқармасы мамандарының айтуынша, жекеменшік мектепті 100% оқулықпен қамтамасыз ету үшін кітап шығаратын баспалармен келісімшарт жасалып жатыр. Ал мәселенің осылай боларын BILIM SMART-қа баласын берген ата-аналар әу бастан білген.
"BILIM SMART мектебіне балаларын беретін кезде ата-аналар кітап жетіспейтінін білді. Ол туралы бәріне ашық айтылды. Мәселе түсіндірілді. Бірақ ата-аналар "ең бастысы баламызды мектепке кіргізіп алсақ, кітап алғанша амалдай тұрамыз" деді", - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.
Білім
"Өл" деп жазады: 1-сынып оқушыларына арналған дәптер желіні шулатты