АСТАНА, 22 қыркүйек – Sputnik. Көкшетауда кәмелетке толмаған екі баланы алдап, 18 миллион теңгені иемденіп кеткен қала тұрғынына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.
Анықталғандай, 21 жастағы жігіт екі кішкентай қызды "аналарың жол апатына түсіп қалды" деп алдаған. Жалғыз емес, сыбайластарымен бірге әрекет еткен.
"А.есімді азамат кішкентай қыздарға анасының жоқтығын пайдаланып, "аналарың жол апатына түсті" деп өтірік айтады. Оған көмектесеміз деген сылтаумен қаскөйлер екі баланы алдап, жалғызбасты әйелдің пәтер сатып алуға жинаған 18 млн теңгесін иемденіп кеткен", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен күдікті 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Алаяқтықтың жаңа түрі
Ақмола облысының прокуратурасы кейінгі кезде алаяқтықтың жаңа түрі қарқын алып жатқанын ескертті.
Схема былай: алаяқтар қоңырау шалып, туыстарының апатқа ұшырағанын және басқа да қиын өмірлік жағдайларға тап болғанын хабарлайды. Сөйтіп көмектесу үшін ақша сұрайды.
Осыған орай прокуратура азаматтарды сақ болуға және алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады.