Абай облысында сібір жарасы анықталған жоқ - әкімдік

Қазіргі уақытта ауру жануар анықталған жоқ
Sputnik
АСТАНА, 22 қыркүйек- Sputnik. Абай облысы Бесқарағай ауданы Жетіжар ауылының тұрғынының сібір жарасына тапсырған талдамасы теріс нәтиже көрсетті, деп хабарлайды өңірдің әкімдігі.
Ол бұған дейін сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған болатын. Науқас қазір ем қабылдауын жалғастырып жатыр. Оның жағдайы тұрақты, дене қызуы қалыпты.
Дәрігерлер қайтадан консилиум өткізген. Онда сібір жарасына, күйдіргі, листериоз, пастереллезға тапсырған ПТР, серологиялық және бактериологиялық талдамалар мен зерттеу нәтижелері қаралған. Олардың барлығы теріс нәтиже көрсеткен.
"Жетіжар ауылында міндетті түрде термометрия жүргізіліп, күн сайын барлық мал басы клиникалық түрде тексеріліп жатыр", - деп хабарлады әкімдік.
Ведомство атап өткендей, қазіргі уақытта ауру жануар анықталған жоқ. "Бесқарағай-вет" мемлекеттік кәсіпорнының мамандары залалсыздандыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Абай облысының Жетіжар ауылында төтенше жағдай жарияланды