АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Сенат депутаттары дәрігерлер үшін бөлек тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, Астанадағы халық санының артуына байланыстымедицина қызметкерлеріне де сұраныс артып отыр. Ал осы санаттағы мамандардың 40 процентінде тұрғын үйіжоқ.
"Сол себепті көбісі жалға алған пәтерлерде тұрады. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша әскери қызметшілер және басқа да әлеуметтік жағынан әлсіз топ өкілдеріне баспана алуға мүмкіндік бар. Бірақ медицина қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген несие мен үй алуға мүмкіндік беретін бірде-бір қолжетімді бағдарлама жоқ", - деді Жексенбай сенаттың бүгінгі отырысында.
Жоғары палата өкілі үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, медицина қызметкерлеріне арналған бөлек тұрғын үй бағдарламасын немесе жеңілдетілген несие беру бағдарламасын қабылдау мәселесін қарастыруды сұрады.