Халық министр мен әкімнің отставкасын петиция арқылы талап ете ала ма – министрлік жауабы

Сенатта қоғамдық бақылау туралы заң мақұлданды
Sputnik
АСТАНА, 21 қыркүйек - Sputnik. Қоғамдық бақылауға арналған заң бойынша петиция арқылы президент және сенат тағайындайтын лауазымды тұлғалардың отставкасын талап етуге болмайды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров мәлімдеді, хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенатта қоғамдық бақылау туралы заң мақұлданды. Оған сәйкес, барлық метиция eOtinish порталында жарияланады. Ал мәдениет және ақпарат министрлігі модерация жүргізеді, яғни, әрбір петицияның заң талабына сәйкестігін тексереді. Ішінде президент пен сенат тағайындайтын лауазымды тұлағаларды отставкаға жіберу талабы болса, ондай петиция жарияланбайды.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыровтың айтуынша, қазіргі кезде халық онсыз да ауыл әкімдерін өздері сайлайды. Ал президент тағайындайтын әкімдер мен министрлер алдымен парламенттің келісімін алады. Депутаттарды халық сайлайды. Осылайша, азаматтар лауазымды тұлғалардың тағайындалуына жанама түрде әсер етеді. Сондықтан петицияда президент пен сенат тағайындайтын лауазымды тұлғаларды қызметінен алуға талап қоя алмайды.
“Заңда нақты жазылған. Болмайды. Себебі конституциялық заң бар. Онда президент, үкімет пен парламенттің екі палатасының құқықтары жазылған. Ал басқа жағдайларда петиция беруге болады. Бірақ президент, үкімет пен парламенттің қарауына кіретін лауазымдар бойынша петиция беруге болмайды”, - деді Қадыров сенатта өткен брифингте.
Оның айтуынша, лауазымды тұлғаларға әсер етуді басқа да шаралары бар. Мәселен, сайлау туралы заң бойынша сенімсіздік білдіріп, мандатты қайтаруға болады.
Қазақстанда петиция жіберу тәртібі бекітілді – заң президентке жіберілді