АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Парламент мәжілісі "Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов келісімге президенттің Қытайға сапары барысында биыл 17 мамырда қол қойылғанын атап өтті.
Құжат мына төрт бағыт бойынша: екі елдің азаматтары; берілген визалар; келу және болу тәртібін бұзу; азаматтыққа қабылданған адамдар туралы ақпарат алмасуды көздейді.
"Бұл мәліметтер қос азаматтыққа қарсы күрес, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет. Шартты іске асыратын құзыретті орган ретінде Қазақстан тарапынан ішкі істер министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгіленген. Келісімде егемендікке, қауіпсіздікке қауіп төнген және заңнамаға қайшы келген жағдайда сұрау салуды орындаудан бас тарту көзделген", - деп мәлімдеді Сәденов мәжілістің жалпы отырысында.
ІІМ басшысының айтуынша, бүгінде мұндай екіжақты келісім бес елмен жасалған. Келісімнің күшіне енуі көші-қонды бақылауды арттыруға ықпал етеді, деп атап өтті министр.
Мәжіліс депутаттары заңды қабылдап, сенаттың қарауына жолдады.