АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Парламент мәжілісі Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, сенатқа жолдады. Жоба 2024 жылғы 1 қаңтардан іске қосылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заңға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақ шотына аударылады. Бұл ақшаны олар болашақта баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсай алады. Бұл ретте қаражатты шетелдік жоғары оқу орнында оқу үшін пайдалануға рұқсат етіледі.
"Бала 18 жасқа толғанға дейін аударылған ақша Ұлттық қорда болады және Ұлттық банк оны қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Барлық балаға тең тәсіл қамтамасыз етіледі, яғни баланың туған күнінен бастап немесе баланың Қазақстан азаматтығын алған күнінен бастап он сегіз жасқа толғанға дейін оның бағдарламаға қатысқан тиісті жылы үшін әрбір баланың шотына бірдей сома аударылады", - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған мәжілісмен Берік Бейсенғалиев.
Шотта жиналған ақшаны 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Алайда бала азаматтығын өзгерткен немесе жоғалтқан жағдайда төлем алу құқығынан айырылады. Ұлттық қордан берілетін қаражатқа салық салынбайды.
Айта кетері, "Ұлттық қор – балаларға" жобасы 2024 жылғы 1 қаңтардан басталады. Мәжіліс депутаттары заңды екінші оқылымда қабылдап, сенаттың қарауына жолдады.