Ұлттық қордан балалардың шотына аударылатын ақшаны қашан және қалай алуға болады

© Sputnik / Владислав Водневақша
ақша - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2023
Жазылу
"Ұлттық қор – балаларға" жобасы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады
АСТАНА, 14 маусым – Sputnik. Парламент мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақтың айтуынша, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленді. Әзірленген жобаға сәйкес, ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылып отыр.
"Біріншісі – тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Екіншісі – білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтарға ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді", - деді депутат төменгі палатаның жалпы отырысында.
Заң жобасына сәйкес, егер бала Қазақстан азаматтығынан шықса, төлемдерді ала алмайды.
Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-і 18 жасқа дейінгі барлық балаға теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6 % мөлшерінде) айқындау жоспарланып отыр.
Бала 18 жасқа толғанға дейін аударылған қаражат ұлттық қорда болады, ал Ұлттық банк оны қаржы құралдарына инвестициялайды. Бұл қаражатты бала 18 жасқа толған кезде ғана ала алады.
"18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады", - деді Шапақ.
Сондай-ақ, ұсынылған түзетулер аясында:
қаражаттың қолды болуына;
қаражатты өндіріп алуға;
қаражат бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға;
клиенттің келісімінсіз ақша алуға;
банктегі ақшаға билік етуді уақытша шектеуге жол берілмейді.
"Ұлттық қор – балаларға" жобасына қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүргізеді.
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Тенге, монеты - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2023
Ұлттық қордың ақшасын 16 жасқа толғаннан кейін алуға бола ма
Жаңалықтар
0