АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қазақ тілі мен өз командасы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте журналистер Шарлапаевты басқа елде туғанын айтып, қазақ тілін жетік меңгермегені үшін сынады.
"Мен қазір қазақ тілін меңгеріп жүрмін. Аптасына бес рет мұғалімнен сабақ аламын. Ең алдымен айтарым, мен ешқандай бөтен адам емеспін. Мен Қазақстанға қайтып келген қандаспын", - деді Шарлапаев БАҚ өкілдеріне.
Сондай-ақ ол өнеркәсіп министрлігіне өзі басқарған "Бәйтерек" холдингінен өз командасын әкелмейтініне сендірді.
"Мен Б"әйтерекке" келгеннен кейін бір адамды да өзгерткен жоқпын. Қандай әріптестерім болды, бәрі қалды. Министрлікте де бұл нәрсе сақталады. Мен өзімнің вице-министрлерімді өзгертпеймін, өз жұмысын білетін адамдармен жұмыс істеймін", - деді министр.
Қанат Шарлапаев 1981 жылы Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген. Бұған дейін онда Ресей және Ұлыбритания азаматтығы болған, қазір Шарлапаев Қазақстан азаматы. Өнеркәсіп министрі қызметіне тағайындалғанға дейін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасы болды.