Білім нысандарының 99,6 проценті жылу беру маусымына дайын

Республика бойынша барлық қаржыландыру көзі есебінен 573 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған
Sputnik
АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда білім беру нысандарының 99,6% жылу беру маусымына дайын, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Әкімдіктер ұсынған ақпаратқа сәйкес сегіз өңірдегі 42 білім беру нысанынде әлі де жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау нысандары бойынша дайындық 98,9%-ды құрайды. Тоғыз өңірде 62 нысан бойынша дайындық жұмыстары жалғасуда. Дайындалмаған нысандарының ең көбі Абай, Ақтөбе, Атырау облыстарында тіркелді.
"Тұрғын үй қорының дайындығына келетін болсақ, 47 мың үйде дайындық жұмыстары аяқталды, бұл жоспардың 94%-ын құрайды. 3 мыңға жуық тұрғын үй қысқы кезеңге әлі дайын емес", - деп жазылған хабарламада.
Дайындықтың төмен қарқыны – Маңғыстау облысында, Шымкент және Алматы қалаларында. Қыркүйек айының соңына дейін инженерлік инфрақұрылымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет болатын.
"Жалпы республика бойынша барлық қаржыландыру көзі есебінен 573 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспардың 498 шақырымы немесе 86,8%-ы орындалды. Алматы, Маңғыстау және Атырау облыстарында жылу желілерін жөндеу жұмыстары 70%-дан төмен орындалған", — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Министрдің айтуынша, биыл 133 шақырым жылу желілерін қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 109,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінде жұмыстар 78%-ға орындалды немесе 103 шақырым жылу желілері салынды.