АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Бизнес үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттыру тауар бағасының күр көтерілуіне, инфляцияға әкеліп соқтырады. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП сарапшылары мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу аясында Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеруді ұсынды.
"ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге болмайды. Ашық жұмыс істеген кәсіпкерлер әрі қарай да ашық жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал көлеңкеде жұмыс істегендер сол жерде қалып қояды. Ортада тұрғандар сұр аймақты таңдайды. Осылайша президенттің шағын бизнестің орта бизнеске айналуына қатысты тапсырмасы орындалмай қалады", – деді "Атамекен" ҰКП жаңа салық кодексінің жобасына ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының басшысы Тимур Жаркенов.
Оның айтуынша, бұл шара тауарлар бағасының күрт өсуіне, инфляцияға және шағын бизнестің орташа, ал орташа бизнестің іріге айналуына жол бермейді.
Министрліктің мәліметінше, мөлшерлеменің ұлғаюы бюджетке қосымша түсімдер әкеледі, сондай-ақ көрші елдерден әкелінетін тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды. Бұл мөлшерлеме 2025 жылдан бастап қолданылады деп болжанып отыр.
Бұл ретте бизнес-қоғамдастық бұл тұжырыммен келіспейді.
Бүгінде Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш Ресей, Беларусь, Армениямен салыстырғанда төмен. Бұл елдерде салық мөлшерлемесі 20 пайызға тең.
Айта кетері, Салық кодексінің жобасын 2024 жылдың бірінші тоқсанында парламент қарауына жіберу жоспарланған.