АЛМАТЫ, 18 қыркүйек – Sputnik. Павлодарда Qnet қаржы пирамидасының жетекшісі сотталды. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz порталы.
Алайда сотталушы жәбірленушілердің шығынын өтемеген. Қылмыстық істі Павлодар қаласының №2 соты қарады.
"Сотталушы Qnet компаниясында тәуелсіз өкіл ретінде тіркеліп, 2019 жылы Екібастұз бен Павлодарда кеңселер ашқан. Ол тапқан пайдасын айтып, компанияға жаңа мүшелер тартқан. Оларға қалай баю керегін айтып сеніміне кірген", - дейді сот.
2019 жылғы желтоқсаннан бастап 2022 жылғы 12 шілдеге дейін қаржы пирамидасына жәбірленушілер 5 миллион 983 мың теңге салған.
"Сонымен қатар электронды поштаның мәліметіне сәйкес Ұлттық банктің теңгедегі бағамы бойынша eCard (USD) бойынша төлемнің жалпы сомасы 7 218 823,49 теңгені құрады", – деп толықтырды сот.
Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін заң бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылады.
Сот қаржы пирамидасы жетекшісінің жас екенін, әрі кәмелетке толмаған кішкентай баласының барын ескеріп, мүлкін тәркілеусіз 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ол 3 жыл бойы азаматтардың қаражаты мен инвестиция тартуға байланысты қызметпен айналыса алмайды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.