АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Келесі жылы түркиялық бюджеті төмен "AnadoluJet" әуе компаниясы Қазақстанға рейстер ашады.
Бұл туралы Қазақстан көлік министрлігі азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың "Turkish Airlines" әуе компаниясының аға вице-президенті Махмут Яйла және вице-президент орынбасары Үміт Девелимен кездесуінде айтылды.
"Түрік тарапы бюджеті төмен "AnadoluJet" бөлімшесін "Turkish Airlines" құрамынан жеке заңды тұлға ретінде шығару жөніндегі жұмыс туралы хабардар етті. Бұл үдеріс аяқталғаннан кейін 2024 жылғы наурыз айынан бастап жаңа әуе компания Қазақстанға рейстер ашады деп күтілуде", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ "Turkish Airlines" өкілдері Стамбул – Астана және Стамбул – Алматы бағыттары бойынша рейстер санын арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Қазақстан тарапы жолаушыларға неғұрлым қолайлы жағдай жасау және тасымалдау сыйымдылығын арттыру мақсатында рейстерде заманауи кең фюзеляжды ұшақтарды пайдалану туралы қазақстандықтардың өтінішін жеткізді.
Сонымен қатар әуе компаниясына Қазақстанға ұшатын рейстерде "ауа еркіндігінің" бесінші дәрежесін пайдалану мүмкіндігі ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұшу географиясын кеңейту, екі ел арасындағы халықаралық рейстер санын ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.