АСТАНА, 17 қыркүйек – Sputnik. Полиция қызметкерлері әйел мен оның кәмелетке толмаған екі баласын өлтірген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы қаласының 1982 жылғы тұрғыны анықталып, ұсталды.
"Бұл факті аудандық полицияда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (Екі немесе одан да көп адамды өлтіру) және 99-бабы 3-бөлігі (Жас баланы өлтіру) бойынша тіркелді. Қазір түпкілікті іс жүргізу шешімін қабылдау үшін барлық қажетті сараптама тағайындаумен тергеу жүргізіліп жатыр", - деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Естеріңізге сала кетейік, жантүршігерлік оқиға 14 қыркүйекте Алматы облысы Іле ауданының Ащыбұлақ ауылында болған. Қаскөй әйелді және оның кәмелетке толмаған екі баласын өлтіріп, денелерін үймен қоса өртеп жіберген.
Қаза тапқан әйел пәтер жалдап, балаларын жалғыз асырап отырған. Қарапайым құрылысшы болған.