Депутат оқушылардың "Күнделікті" пайдаланып жүргеніне алаңдаушылық білдірді

Sputnik
АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров "Күнделік" электронды жүйесі мектептерде шетелдік монополия жасап алғанын мәлімдеді. Ал балалардың жеке мәліметтері мемлекетке ұрлануы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутаттың айтуынша, "Күнделік" жүйесі бізге "Ескі Қазақстаннан" мұра болып қалған. Оны барлық мектепке күштеп енгізген.

"Электронды қызмет көрсете алатын бір емес, бірнеше отандық компанияның болуына қарамастан, сарапшылардың айтуынша, сол кездегі заманын қонышынан басқан топтардың қысымымен құзырлы орган 4 миллион қазақстандық оқушының жеке мәліметтерін жинау, сақтау және өңдеу қызметін ешқандай іріктеу мен байқаусыз, шетелдік компанияға 12 жылға беріп жіберген. Нәтижесінде, бұл салада шет елден басқарылатын қолдан жасалған монополия пайда болды", - деді Сайыров мәжілістің бүгінгі отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар жағымсыз жарнама көруге мәжбүр. Оған қоса, мемлекеттен қыруар қаржы кетіп жатқан көрінеді.
"Бұл аз болғандай, "Күнделік" жүйесі "Ұлттық ақпараттық технологиялар" атты мемлекеттік мекеменің серверлерін пайдаланады және ол үшін оқу-ағарту министрлігі жыл сайын 800 млн. теңге қаржы төлейді деген ақпаратты Бас Прокуратура тексеруі қажет! "Күнделік" барлық мектепте 2030 жылға дейін қолдануға міндетті жалғыз электронды жүйе. Ертең ол мәліметтер жоғалса, жарнама берушілерге сатылса немесе астыртын зиянды жолмен қолданылса, кім жауап береді? Бұл сала монополиялық реттеуге мүлде жатпайды, сондықтан бәсекелістік болуы шарт", - деп атап көрсетті депутат.
Саиров үкімет пен бас прокуратурға депутаттық сауал жолдап, осы салада қалыптасқан шетелдік жасанды монополияны бұзып, отандық компаниялар арасындағы еркін бәсекелестікке жол ашуды талап етті.
Дерекқор
Күнделік кз: Ата-аналар мен оқушылар нені білуі тиіс?