Балаева: министрлік концерттерді ұйымдастырушыларға қатаң талап қояды

Таяуда ғана мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындалған Аида Балаева осы лауазымдағы алғашқы сұхбатын Sputnik Қазақстанға беріп, елді алаңдатып жүрген бірқатар сұраққа жауап берді
Sputnik
Министр биыл бірнеше рет өтпей қалған ресейлік әншілердің концерттеріне қатысты пікір білдірді. Айтуынша, министрлік концерттерді ұйымдастырушыларға іс-шараның мазмұнына қатысты қатаң талап қоятын болады.
"Егер мұндай концерттер қоғамды екіге бөліп, әртүрлі арандатушылық көріністер табатын болса, онда оларға қатаң тыйым салынады. Менің ойымша, әртістер өз іс-әрекетімен адамдарға тек мәдени үлгі, рухани ізгілік таратуы керек. Ал енді біздің қоғамымыз үшін бұндай концерттер саясатты емес, өнердің өзін насихаттауы керек. Бұл сол өнер иелерінің азаматтығы мен ұлтына ешқандай қатысы жоқ мәселе деп ойлаймын", - деді Балаева.
Осы орайда министр барша қазақстандықты әлеуметтік желідегі арандатушылыққа жол бермеуге шақырды.
Сондай-ақ министр биыл мамыр айында қабылданған бұйрыққа қатысты түсініктеме берді. Осы құжат бойынша көше мен ауыл атауларын өзгертуге қатысты шешімді жергілікті тұрғындар қабылдайды.
"Ономастика мәселесі біздің еліміз үшін әр уақытта өзекті мәселе болған. Қоғамымызда көшелер мен елді мекендердің атын ауыстыру бойынша бастама да, ұсыныс та көп. Соның бәрі әлеуметтік желіде болсын, қоғамда болсын, белсенді талқыланып жатады. Ол ұсыныстарға қарсы азаматтар да аз емес. Алайда осы мәселені сол елді мекендердің тұрғындары емес, көбінесе, жеке белсенділер көтеріп жүреді. Дауласатын да, жауласатын да солар. Сондықтан біздің министрлік бұл мәселе бойынша арнайы бұйрық шығарды. Оған сәйкес, көше мен мекендердің атауларын өзгерту, я өзгертпеу мәселесін ең бірінші сол жергілікті жерлерде тұратын азаматтардың өздері шешуі керек. Ол ең бірінші солардың құқығы", - деп атап көрсетті Балаева.
Министр өзі басқарып отырған ведомствоны қайта құрудың негізгі себебін де түсіндірді. Үкімет осылайша бұрынғы тәжірибені жаңғыртып жатқан жоқ па? Әлеуметтік желідегі жалған ақпараттар қалай анықталады? Блогерлерге қатысты заңды орындау тәртібі қандай? Сондай-ақ журналистердің материалдарына қатысты шағым түсіру мерзімін белгілеу мәселесіне қатысты министрдің жауабын сұхбаттың орысша нұсқасынан оқи аласыздар.
Ақтаудағы концерт кезінде 200-ден астам бала жоғалды