Теңіз, Қашаған, Қарашығанақтағы тауарлардың жергілікті үлесі 5 процентке де жетпейді

Sputnik
АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы отандық бизнесмендерменкездесуде мұнай-газ саласын дамыту мәселесін көтерді.
"Мұнай сервисі саласы отандық экономиканы әртараптандырудың және өсімді қамтамасыз етудің негізгі тетігі болуы керек. Қазір Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы жобаларды жобалаумен (инжиниринг) басқа мемлекеттер айналысып жатыр. Бұл Теңіз кен орнын келешек кеңейту жобасына да қатысты. Жобалық шешімдерде импорттық материалдар мен құрылғылар есепке алынатыны түсінікті. Бұл отандық өндірушілердің мұнай-газ саласындағы жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейді", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, ірі жобалардағы (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) тауарлардың жергілікті үлесі 5 пайызға да жетпейді.
Үкімет жергілікті инженерлер мен компанияларды міндетті түрде тарта отырып, жобалық дизайн-кеңселерді Қазақстанға көшіруге ықпал етуге тиіс.
"Бұл ретте шетелдік серіктестер алдындағы келісімшарттық міндеттемелерді бұзу туралы әңгіме болмауға тиіс екенін арнайы атап өткім келеді. Біз ірі шетелдік компаниялармен бұған дейін жұмыс істеп келдік және алдағы уақытта да жұмыс істей береміз. Шын мәнінде, бұл – біздің ұзақмерзімді стратегиямыз. Сонымен қатар біздің де талаптарымыздың ескерілгенін қалаймыз. Отандық мұнай сервисі компанияларына қаржылай қолдау көрсету мәселесін шешу керек. Мұнай-газ корпорацияларымен қол қойылған келісімшартты кепіл ретінде қарастыра отырып, қазақстандық компанияларды банк арқылы қаржыландыру бойынша нақты шаралар қабылдау керек. Қаржы саласын реттеуші органдар бұл мәселе бойынша шешім қабылдауы қажет. Теңіз кен орнын болашақ кеңейту жобасының аяқталуына байланысты мұнай сервисі саласында ондаған мың адам жұмыстан босатылады. Отандық мамандарды Қатар және Сауд Арабиясы сияқты елдерде жұмысқа орналастыруға болады", - деп түйіндеді президент.
Қытай компаниясы "ҚазТрансОйлға" мұнай құбырын кеңейтуге көмектеседі