АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Атырау облысында достарымен бірге балық аулауға кеткен ер адамды осымен үшінші күн іздеп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Туыстары полицияға 10 қыркүйекте хабар берген. Олардың айтуынша, 1987 жылғы Ербол Құсайынов достарымен бірге балық аулауға кетіп, сол күйі үйге оралмаған.
Атырау облысының құзырлы органдары жоғалған ер адамды осымен үшінші күн іздеп жатыр. Іздеу жұмыстарына облыстық полиция департменті, ТЖ департаменті және Ұлттық ұланның 80 сарбазы, кинология бөлімшесі мен сүңгуірлер жұмылдырылған.
Полиция әлеуметтік желіде түрлі алып-қашпа ақпаратты таратпауды және жоғалған азаматқа қатысты нақты деректер болса "102" операторына хабарлауды сұрады.